Транспорт және логистика: Қазақстанда 25 жаңа мамандық пайда болады

27 May

АСТАНА. 8 қаңтар. KAZAKHSTAN TODAY – Қазақстанда транспорт және логистика саласында 25 жаңа мамандық енгізіледі. Бұл туралы үкімет отырысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Карабаев мәлімдеді.

Жаңа жобаларды жүзеге асыру аясында автомобиль жолдарын BIM технологиясы бойынша жобалау, салу және реконструкциялау қарастырылған, бұл цифрлық жобаның аналогын және 3D модельдеуді пайдалануды талап етеді. Осы салада "ақылды жолдар" жобалауға жауапты инженерлер, BIM технологиясы бойынша жұмыс істей алатын прорабтар, құрылыс роботтарын басқарушы операторлар және цифрлық жобалаушылар қажет болады. Сондай-ақ, ірі транспорттық-логистикалық хабтарды басқару үшін цифрлық логистикалық карталарды жобалаушы және операторлар қажет.

Азаматтық авиация саласында қашықтан басқарылатын авиациялық жүйелердің сыртқы пилоттары сұранысқа ие болады. Осыған байланысты осы мамандықтарды ашу үшін білім беру ұйымдарымен бірлесіп жұмыс жүргізілетінін министр атап өтті.

Қазіргі таңда Қазақстанның 9,7 миллион еңбек ететін тұрғындарының ішінде транспорт секторында 772 мың адам жұмыс істейді. Бұл негізінен теміржол, автомобиль көлігі, логистика және қоймалау саласының қызметкерлері.

Сонымен қатар, Премьер-Министр Олжас Бектенов жұмысшы мамандықтар өкілдеріне арналған ипотека және жалға беру тұрғын үйі бойынша жеңілдікті бағдарламаларды әзірлеуді тапсырды.

«Жұмысшы кадрларға әлеуметтік қолдау көрсету бойынша үздік корпоративтік тәжірибелерді тарату, олар үшін жаңа ынталандыру шараларын енгізу қажет. Мен өнеркәсіп, энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы, су ресурстары министрліктеріне, кәсіпорындар мен әкімдіктермен және "Отбасы банкімен" бірге жұмысшы кадрларға арналған жеңілдікті ипотека және жалға беру бағдарламаларын іске қосу мәселелерін пысықтауды тапсырдым», – деді Бектенов үкімет отырысында.

Ол сондай-ақ, Президенттің Жұмысшы мамандықтары жылын өткізу жөніндегі салалық және өңірлік жоспарлардың сапалы жүзеге асырылуын қамтамасыз етуді тапсырды.

«Барлық шаралар жүйелі, нәтижелі және ұзақ мерзімді әлеуметтік-экономикалық әсерге ие болуы тиіс. Үкімет Жұмысшы мамандықтары жылын өткізу мәселелерін тұрақты бақылауда ұстайды», – деп атап өтті Премьер-Министр.

 

Бұған дейін ҚР Энергетика министрі еліміздің колледждері атом станциялары үшін мамандар дайындайтынын хабарлаған болатын.