Қазақстан мен Қытай көлік министрлерінің екіжақты кездесуі өтті, деп хабарлайды Kazinform агенттігі ҚР Көлік министрлігінің сілтеме жасап.
Қазақстан мен Қытай көлік саласындағы ынтымақтастықты белсенді түрде дамытуды жалғастыруда. 2025 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша Қытай Халық Республикасынан (ҚХР) Қазақстанға автокөлікпен тасымалданған тауарлардың көлемі 82%-ға артып, 822 мың тонна жүк тасымалданды. Ал биылғы жылдың алғашқы төрт айында Қытайдан Қазақстанға теміржол көлігімен тасымалданған жүктің көлемі 11,4 миллион тоннаға жетіп, 13%-ға өсті.
Бүгін Астанада Қазақстан — Қытай алғашқы көлік форумының аясында екі елдің көлік министрлері Марат Қарабаев пен Лю Вэйдің басшылығымен екіжақты кездесу өтті. Тараптар бірқатар өзекті мәселелерді талқылап, белгілі бір келісімдерге қол жеткізді.
Министрлер көлік саласындағы ынтымақтастықты тереңдету мақсатында бірнеше маңызды жобалар туралы айтты. Олардың ішінде «Ресей — Қазақстан — Қытай» мультимодальды транзиттік дәлізін құру, трансшекаралық Ертіс өзенін пайдалану, сондай-ақ Конаев (ҚР) мен Инин (ҚХР) арасындағы трансшекаралық Іле өзенін пайдалану арқылы жаңа су жолын ашу мәселелері қарастырылды.
Сонымен қатар, екі елдің көлік министрлері «Майкапшагай — Зимунай» өткізу пунктінде үлкен жүк көліктеріне арналған жаңа көпір құрылысы және үшінші әуе дәлізін ашу жоспарларын жариялады.
Алдағы уақытта Шығыс Қазақстан мен Алматы облыстарын Қытайдың көрші аймақтарымен байланыстыратын екі жаңа автомобиль өткізу пунктін ашу да қарастырылған.
Еске салсақ, қазіргі уақытта Ақтау портында қытайлық компаниямен бірлесіп контейнерлік хаб құрылысын іске асыру жүріп жатыр. Бұл жоба порттың өткізу қабілетін 140 мыңнан 240 мың ДФЭ (стандартты контейнер) деңгейіне дейін арттыруға мүмкіндік береді. Жобаның биылғы жылдың соңына дейін іске қосылуы жоспарлануда. Сонымен қатар, Қазақстанның теңіз порттарын дамыту және теңізде қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында биыл Ақтау портында тереңдету жұмыстары жүргізілмек. Сонымен қатар, осы жылдың соңына дейін Достық — Мойынты учаскесінде екінші теміржол жолдарының құрылысы аяқталып, Алматы станциясындағы айналма жол құрылысы аяқталатын болады, бұл Азия мен Еуропа арасындағы жүк тасымалдауды тездетеді.
Сондай-ақ, тараптар Алматы мен Сиань арасындағы жолаушылар пойызын іске қосу және аптасына 65 рейс орындалатын әуе рейстерінің санын арттыру жоспарларын баяндады.
Бұған дейін Қазақстан мен Қытай Транскаспий халықаралық көлік маршрутын дамыту және оның бойымен жүк тасымалдауды арттыру бойынша келісімге келген болатын.